Кеше Астанадағы «Ғашықтар» саябағында салмағы 736,5 кило тартатын ас, яғни ұлттық тағамымыз дайындалып, халыққа ұсынылды. Бұл ерекше шараны ұйымдастырушылар сол сәтте Гиннестің рекордтар кітабының сертификатын иеленді.
Тарата айтар болсақ, «Тайқазан» деп айдар тағылған бұл акцияны Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақ географиялық қауымдастығы мен Астана қаласы әкімдігі ұйымдастырды. Акция Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына және Астана күніне тарту ретінде қолға алынды.
Акцияға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Мәжіліс депутаттары, қоғам
қайраткерлері, ҚХА-ның, Қазақ географиялық қоғамы қауымдастығының, еліміздің Бас аспаздар қауымдастығы мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері, Гиннестің рекордтар кітабының қызметкерлері, жастар ұйымдарының жетекшілері, БАҚ, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты.
Осынау ерекше шараны ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, қазақтың өзі «ет» деп атайтын ұлттық тағамымызды 40 аспаз таңғы сағат 4.00-ден бастап далада, қазақ халқының ет асудағы дәстүрлі рецептімен дайындады.
АСТАНА
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».
Оны әзірлеуге шамамен 700 килодан астам жылқы еті, 300 килоға жуық жұмыртқа мен пияз, 300 килодай ұн пайдаланылған. Дәстүр бойынша еттің қамыры қолмен жайылды. Нәтижесінде 736,5 кило тамақ әзірленіп, қала тұрғындары мен қонақтарына ұсынылды. Оны дайындауға қатысқандар құрамында қаладағы ірі мейрамханаларда аспаздық қызмет көрсететін білікті мамандар болды. Сондай-ақ, шара кезінде 20-дан астам даяшы жұртшылыққа ілтипат көрсете қызмет етті.
Акция барысында осынша мол әзірленген асты Гиннестің рекордтар кітабына енгізу рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Қазақтың белгілі азаматы Мырзатай Жолдасбеков елге бата берсе, айтулы ақын Несіпбек Айтұлы көңіл тербетер өлең оқыды. Ал өз кезегінде Ералы Тоғжанов жұртшылықты Астана күнімен құттықтай отырып, ұлтымыздың қонақжайлылығы, қасиетті Тайқазанның қадірі, оның өміріміздегі орны, аласапыран замандарда елімізге келген өзге ұлт өкілдеріне қазақ халқының көрсеткен қамқорлығы жөнінде әңгімелеп берді.
Бұдан кейін Гиннестің рекордтар кітабы штаб-пәтерінің супервайзері, яғни Лондоннан келген өкіл Шейда Шубаси Гемиджи сөз алды. Ол: «Мен Астанаға арнайы келіп, қазақтың ұлттық тағамын көріп, оның ең үлкен көлемде дайындалғанына куә болдым. Бүгінгі шара барысында ас әзірлеудің барлық талаптары орындалды. Сондықтан мен қазақстандықтарды осы жеңіспен құттықтаймын, – деді.
Осылайша, «Елдің басты ұлттық тағамын әзірлеу» деген айдармен аталған рекорд ресми түрде тіркеуге алынды.
Шараны ұйымдастырушылардың бірі, Қазақ географиялық қоғамы төралқасының мүшесі Төлеген Тастанбеков қуанышты сәтте: «Толқып тұрмын. Ұлттық тағамымыз Гиннестің рекордтар кітабына енді. 736,5 кило ас дайындап, бүгін оны халыққа ұсынып отырмыз. Ең бастысы – акцияны ел-жұртымыз жылы қабылдады», – деп ағынан жарылды.
Жалпы, әлем бойынша ең көп мөлшердегі ұлттық тағамды әзірлеуге арналған «Тайқазан» акциясы «ҚХА – 20 игі іс» эстафетасының жалғасы болып табылады. Жиынға қатысушылар тарапынан Тайқазан жөнінде жылы лебіздер айтылды. Көпшілік Тайқазанды халқымыздың бірлесуі мен қонақжайлылығының символы деп есептейтіндерін жеткізумен болды. Акция қазақстандықтардың өзара татулықта, баршылық пен тоқшылықта мамыражай тірлік етіп жатқанын сипаттаған ерекше шара ретінде жұртшылықтың есінде сақталып қалатынына сенеміз.
Тағы бір айта кетер жайт, акция аясында шығармашылық ұжымдар мен қазақ әндерін орындаушыларының қатысуымен мерекелік концерт, ұлттық тағамды дайындау бойынша шеберлік сабақтар және Қазақ географиялық қоғамының мүшелерімен кездесу ұйымдастырылды.
АҚТАУ
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысында Астана күні мерекесі кең көлемде тойлануда. Облыстың барлық аудан-қалаларында спорттық және мәдени шаралар өткізіліп, жастар арасында өнер сайыстары өткізілді.
Облыс орталығы Ақтау қаласында елорданың 17 жылдығы қарсаңында бір топ кәмелеттік жасқа толған жігіттер мен қыздарға жеке бастарын куәландыратын төлқұжат табысталды. Салтанатты сәтке Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Ә.Ниязымбетов қатысып, жастарды құттықтап, оларға естелік сыйлықтар табыс етті.
Шілденің 4-інен бастап теңіз жағалауында классикалық, эстрадалық және рок музыка өкілдерінің мерекелік концерттері ұйымдастырылып, теңіз жағасында серуендеген қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды. Сондай-ақ, жастар арасында «Астана – арман қала» атты плэнэр суретшілер байқауы өтсе, Т.Шевченко ескерткіші жанында украин этномәдени бірлестігі өкілдері шығармашылық топтары өнер көрсетті. Ақтау қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен асық атудан, қол күресінен, арқан тартыстан және гір тасын көтеруден, «Street Workout» спорт түрінен қалалық турнир ұйымдастырылып, оған қызығушылық танытқан Ақтау қаласының тұрғындары мен қонақтарының қатысып, өзара күш пен ептілік сынау мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Елорданың жаңа жасына арналған әдемі де әсерлі шаралар өңірдің барлық аудандары мен қалаларында жалғасын тапты.
АҚТӨБЕ
Сатыбалды Сәуірбай,
«Егемен Қазақстан».
Кешегі күн райы облыс орталығындағы Астана күніне арналған мерекелік шаралардың беташары ретінде ұйымдастырылған веложарысқа қатысушыларға қолайлы болды. Өйткені, күн ысып үлгермеген кез еді. Мұның өзі «Ақтөбе қаласының дене тәрбиесі және спорт бөлімі ММ-нің үстіміздегі жылы ұйымдастырып отырған екінші ауқымды жарысы. Бұған дейін көктемде желаяқтар жарыс жолына шыққан болатын. Бұл жолы да жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.
Веложарысқа қатысқан «FORWARD» командасының велошабандоздарын осы аттас компанияның дилері Венера Ережепова бастап келіпті.
– Біз осы веложарыс жеңімпаздарын марапаттауға төрт велосипед бөлдік. Бұл бір жағынан Астана күніне арналған шараға қолдауымыз, бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесіміз болса, екінші жағынан, өз өнімімізді жарнамалау да екенін жасырудың реті жоқ, – дейді В.Ережепова,
«Мега-Ақтөбе» ойын-сауық кешені алдындағы алаңда веложарыс жеңімпаздарын марапаттау салтанатынан кейін әннен шашу шашылып, күй күмбірледі, би биленді.
Ұйымдастырушылар өңірді аптап ыстық буып тұрғанын ескерген болуы керек, мерекелік шараның негізгілерін күннің ыстығы қайтқан түстен кейінгі кезеңге қойыпты. Астана күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Орталық демалыс саябағында облыстағы этномәдени бірлестіктердің көркемөнерпаздар ұйымдары мен өңірдің талантты өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды. Қалалықтар ән мен күй тыңдап, биді тамашалады.
Мұндай мәдени-көпшілік шаралар қаланың саябақтары мен алаңдарында қас қарайғанша жалғасты. Бұл күні қалалықтар мен шаһар қонақтары түгел көшеге шығып кеткендей әсерге бөледі. Облыс орталығындағы Астана күніне арналған түрлі-түсті отшашу қала аспанын бұрынғыдан да ажарландырып жібергендей болды. Еліміздің бас қаласына қарап бой түзеген Ақтөбе айтулы мерекені осылай атап өтті.
АТЫРАУ
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Мұнайлы өңірде еліміздің жаңа елордасы – Астана күніне арналған мерекелік шаралар шоғыры ауқымдылығымен ерекшеленді. Олай дейтініміз, мереке қарсаңында өндірісте де, әлеуметтік салада да көңіл жадыратар қуанышты сәттер аз болмады. Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауытында бензолдың алғашқы партиясы алынды. Бұл – бұған дейін елімізде шығарылмаған жаңа өнім. Зауыттың бас директоры Қайрат Оразбаев: «Жоғары октанды бензин шығару үшін оның құрамындағы бензол өнім ретінде бөлек алынды. Бұл – біздің ең әсем елордамыз – Астана күніне тартуымыз», – деді жаңа өнімнің шығарылуына орай өткен салтанатты шарада.
Атырау қаласында «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында бой көтерген бірнеше көп қабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 126 отбасы баспаналы болу бақытына кенелді. Олардың арасында бірнеше жылдан бері пәтер жалдап жүргендер де бар екен. Сонымен бірге, алғаш рет «Атыраудың қуатты адамдары» атты экстремалды спорт түрлерінен өткен облыстық турнир де тұрғындарды ерекше әсерге бөледі. Турнирге қатысушылар саламатты өмір салтын ұстанудың денсаулыққа пайдалы екенін паш етті. Солардың арасынан Владимир Ли салмағы үш тоннаға жуық «ГАЗель» шағын автобусын 20 метрге сүйреді. Оған осынша аралыққа жету үшін 16,3 секунд ғана қажет болды.
Мерекелік шаралар Атырау қаласы мен аудан орталықтарында, әр округте өтті. Мәселен, өңір орталығында «Жеңіс» саябағынан шеру тартқан велошерушілер Құрманғазы, Владимирский, Сәтбаев көшелері арқылы «Исатай-Махамбет» алаңына дейінгі аралықты жүріп өтті. Сондай-ақ, «Елімнің жүрегі – Астана!» және «Жырлаймын сені, Астана!» атты концерттік бағдарламалар өңір тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Концерттік бағдарламалар соңына қарай Атыраудың аспанын мерекелік отшашу әрлендірді.
Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.
КӨКШЕТАУ
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Жақсылық жетегіндегі халқымыздың биік құрметі – «Жұлдызың жоғары болсынға» саяды. Әсем Астанамыздың аз жылдардың ішінде әлем кеңістігіндегі айшықты жұлдызға айналуы осынау ақ тілектің орындалғанының айғағы. Ел тарихындағы жаңа да жарқын мереке Қазақстан шеңберінен асып, Жер шарын шарлап бара жатқаны да болашағымыздың жарқындығын бейнелейтіндігі қуантады.
Биылғы мерекелер жылын астаналық Ақмола облысы қоғам өмірінің тұтас буынында ерекше серпіліспен атап өтуде. Басқасын айтпағанның өзінде, өңір жұртшылығы «Астана күнін» он күн бұрын ресми түрде бастап кетті. Шаттық пен шашудың мазмұны кеңіп, тарту жоралғысы тәнті етуде. Тұрғын үйлер, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдағы нысандардың пайдалануға берілуі тіршілігімізді түрлендіре түсті. Ақмолалықтар мұны Астана шарапатымен байланыстырады.
Көкшетауға екі тәулік бойы ырыздық құйған Күн жарықтық шайдай ашылды. Тәуелсіздік алаңы бар жасауын жарқыратып, жадыраңқы көңілдерді аспандатып тұр. Балалар өз қиялын асфальтқа түсіріп жатса, арнайы сапармен Астананы аралап келген қариялар алған әсерлерін жеткізе алмай мәз. Әнұранымызбен басталған салтанатқа қатысушыларды қала әкімі Ермек Маржықпаев құттықтады.
Астана күні айшықты шараларымен есте қалатын дәстүр қалыптасқалы қашан. Әне, жаңа ғана іңгәлап дүниеге келген сәбилерге бауы берік болсын айтқан депутаттар төрсөреден орын алуда. Қала басшысының қолынан Астана құрдастары, 10 сынып оқушылары Алмас Үсенов, Жазира Әлсейітова, Аңсат Долдаш, Анна Голубкова республика азаматының жеке куәлігін алса, 10 адамға «Нұр Отан» партиясының билеті тапсырылды. Олардың арасында зейнеткер Кәрім Бостанбаев та бар.
Ал ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Валентина Соломина мен №14 мектептің аға вожатыйы Людмила Дәулетәлиеваның омырауына «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерекелік медалі тағылды.
Көкшетаудың орталық алаңдары мен шағын аудандарындағы мәдени-спорттық шаралар мен көпшілік думаны мерекелік отшашумен жалғасты.
ҚАРАҒАНДЫ
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
«Көрші де көршіден тәлім алады» дейді емес пе, өсіп-өркендеуі әрі елорда, әрі іргелес көрші тұрғысында үлкен үлгі қала мерекесі қарағандылықтарға да әрдайым зор қуаныш. Бұл мерейлі күнге арналған шаралар бір күн бұрын «Саған, Астана!» ІІІ дәстүрлі жеңілатлетикалық эстафетадан басталды. Жарысқа қатысушылардың бірінші тобы Тәуелсіздік алаңынан «Шахтер» стадионына дейін жүгіріп өтсе, екінші тобы Тұңғыш Президенттің Теміртаудағы тарихи-мәдени орталығы алдында мәреге жетті.
Бұдан кейін Қарағандының бас саябағында өткен этномәдени бірлестіктер өнерпаздарының, ардагерлер мен жастар ұйымдары мүшелерінің, жұртшылық өкілдерінің басқосуы астаналықтар шаттығын бірге бөлісуге ұласты.
Салтанатты жиынды қала әкімі Нұрлан Әубәкіров ашып, тұрғындарды ортақ айтулы оқиғамен құттықтады. Қоғамдық өмір белсенділеріне «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» медалін табыс етті. Сонымен қатар, Астананың құрдастарына ескерткіш белгілер тапсырылды.
«Астана – асқақ абыройымның айғағы» бағдарламасы аясында Қали Байжанов атындағы облыстық концерт бірлестігі, «Қуаныш» және «Аққу» ансамбльдерінің өнерпаздары шашу шашқан ән мен би жиналушылардың көңіл-күйін өсірді. Оны «Асқақтай бер, елімнің Астанасы!» қалалық ән фестивалі жалғастырып, бүлдіршіндер өздері салған сурет көрмесін көрсетіп, спорттық ойындар сайысы қыз-қыз қайнап, қызықты думан сәні өсе түсті. Ымырт үйірілген сәтте отшашулар қала аспанын жарқыратып, мерекелік кеш көркін нұрландырды.
Линар ГАЛИМОВ.
ҚОСТАНАЙ
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
Кешегі мереке Астана туралы викториналық сұрақ-жауап ойындарынан басталды. Астана туралы сұрақ та көп екен, оған қостанайлық жастардың дәл жауабы да дайын болып шықты. Астананы қостанайлықтардың жақсы көретіні осыдан-ақ белгілі болып тұрды. Ал коллекция жинаушылардың көрмесі қостанайлықтардың Астана күніне ерекше тартуы еді. Күйтабақ, журнал, қуыршақ, кәдімгі шайдың түрлері, фарфордан жасалған кәдесый, төсбелгі, ақша, марка түрлерін мерекеге жиналғандар осы жерден көріп тамашалады.
– Төсбелгі, ақша, тиын ақша, маркалар түрлерін жинаумен айналысамын. Астана күні осы жиған-тергенімді қостанайлықтарға көрсету мен үшін қуаныш болып тұр. Төсбелгінің 500 мыңдай түрін жинағанмын, ақша түрлері де жеткілікті. Оның ішінде тәуелсіз еліміздің алғашқы шыққан ақшалары жыл өткен сайын жұрттың қызығушылығын тудырып келеді, – дейді коллекция жинаушы Марат Хасенов.
Ал қолөнермен айналысатын Райымгүл Рахалиева өзі тіккен қолөнер бұйымдарын қостанайлықтардың назарына ұсынды. Онда бүгінгі жастар біле бермейтін, ұмытылып бара жатқан бұйымдар назар аудартады.
– Міне, мынау құда тартатын арқанға жаңа түр беріп, оюлап жасап шықтым, сондай-ақ, халқымыз келіннің бетін ашқанда аяғының астына ешкінің терісінен жасалған тулақ төсеген ғой. Оны да мен жаңаша түрлендіріп жасадым, – дейді Р.Рахалиева. Көрмеге әрбір қатысушының көрерменге айтар қызықты әңгімесі жетерлік. Оған жиналған жұртта есеп жоқ.
Қала орталығында қостанайлықтар мен қала қонақтары облыс көркемөнерпаздарының концертін тамашалады. Аудандардағы өнерпаздар да Астана күніне өнерін тарту етті. Астана күні нағыз халықтық мерекеге айналды, көк зеңгір аспанда қалықтаған ән әуеніне елтіген қалалықтар орталық алаңда дөңгелене би биледі. Арқада тотыдай таранған Астана барлық қазақстандықтардың мақтанышы, патриоттық сезімнің тұма бұлағы екенін көрсетіп берді.
ҚЫЗЫЛОРДА
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
«Мәңгілік Елдің» жүрегі, тұтас елдің тірегі – Астана күнін Сыр жұртшылығы да өз дәрежесінде атап өтті. Елорданың туған күнін тойлауда еңбектеген балалардан бастап еңкейген егделерге дейін атсалысты десек болатындай. Себебі, қызылордалық балалар «Менің Астанам» тақырыбында асфальтта сурет салу байқауына қатысты. Балалар «Байтерек», «Хан Шатыр» секілді Астананың көрікті жерлерін көркемдеп, суретке салды. Еркіндік пен елдіктің символындай болған елорданың келбеті жас жеткіншектердің бейнелеуінде ерекше шықты.
Онан соң Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханада «Елімнің жүрегі – Астана» атты кітап көрмесі өтті.
Онда Астананың арғы-бергі тарихынан сыр шертетін деректер қойылып, еліміздің бас қаласы туралы жазылған шығармалар оқырман назарына ұсынылды.
Облыстық тарихи-өлкетану музейі де Астана күніне қызу дайындалды. «Тәуелсіз Қазақстан» залын әсем көркемдеп, «Астана – әсем қала» атты тақырыптық экскурсиялар жасады. Онда Астананың қалай соғылғаны, бүгінде қандай жетістіктерге жеткені айтылды. Музейге келушілер Астана өмірінің өздеріне беймәлім тұстарын біліп қайтты.
Ал Шиелі ауданы биылғы оқу жылын үздік аяқтаған балаларын арнайы Астанаға аттандырды. Мереке барысында олар елорданы өз көздерімен көріп, аралап қайтпақ.
Астана күніне арналған шаралардың соңын «Ақ тілекпен – Астанаға» атты жастардың флеш-моб акциясы мен «Ел жүрегі – Астана» мерекелік концерті түйіндеді.
ОРАЛ
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Орал өңірінде Астана күніне тарту ретінде әлеуметтік-тұрмыстық нысандар, көпқабатты тұрғын үйлер мен денешынықтыру-сауықтыру кешендері және бөбекжайлар пайдалануға берілді.Осынау сәні мен салтанаты келіскен кешендер облыс орталығы және оған таяу орналасқан елді мекендер мен шалғайдағы Сырым, Қаратөбе және Жәнібек аудандарының тұрғындарын үлкен қуанышқа бөледі. Сонымен бірге, Астана күні қарсаңында облыс аудандарында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына сай жас мамандарға жаңа пәтерлердің кілті тапсырылды.
– Мұның бәрі тарихы терең, дәстүрі мол Ақжайық аймағының Астанаға қарап бой түзей алғандығының басты көрінісі, – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев. – Астана ел өңірлерінің өркендеуіне де қозғау салып отыр. Бүгінде бас қала әрбір қазақстандықтың мақтан тұтар брендіне айналды. Оның болашағы бүгінгісінен де жарқын. Өйткені, елорданың ішкі даму жүйесі мен инфрақұрылым өрісі қуатты.
Ал Орал қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Ляна Тұрсынова өз ой-пікірін былайша сабақтады. «Мен әлемге әйгілі қала – Нью-Йоркте болғаным бар. Әрине, ол – сәулеті де дәулеті келіскен шырайлы шаһар. Әйтседе, оның одан әрі іргесін кеңейтетін бір тұтам жері жоқ екеніне куә болдым. Әлем қалалары арасында мұндай мысалдар аз емес. Осы тұрғыда елордамыздың күн сайын қанатын кеңге жайып, өсіп-өркендеп келе жатқанына қуанамыз».
– Облыста Астана күніне арналған іс-шаралар кешені аясында фестивальдар мен дөңгелек үстелдер, халықаралық турнирлер мен жәрмеңкелер және мерекелік концерттер өткізілді. Оның ішінде Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде ашылған «Елбасы және тәуелсіздік залы» тұсаукесерінің шоқтығы биік. Бүгінде Еуразия кеңістігінің қақ ортасынан орын тепкен Астана қайталанбас келбетімен барша әлем жұртшылығын тамсандыруда. Оның бас сәулетшісі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Оның есімімен қатар тұратын тағы бір баға жетпес тарихи құндылық бар, ол – тәуелсіздік. «Елбасы және тәуелсіздік» залы жасақталуының түп – төркінінде осындай мән-мағына бар, – деді өңірдегі архив ісінің майталманы Вячеслав Иночкин.
Мұнда Мемлекет басшысының өмірі мен қызметіне қатысты құнды қағаздар және жәдігерлер мен фотосуреттер қойылған. Оның бәрі он екі әйнек сөреге жинақы түрде жүйеленген.
Облыста Астана күніне арналған іс-шаралар шоғыры Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында өткізілген «Асқақтай бер, Астана!» атты мерекелік концертпен қорытындыланды.
ӨСКЕМЕН
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс жұртшылығы елорда күнін ерекше көңіл күймен атап өтті. Өңірдің барлық қалалары мен аудандарында Астана күніне орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Облыс орталығындағы шаралар таңсәріден басталды. Өскемендіктер мен қала қонақтары бұл мерекені спорттық сайыстармен қарсы алды. Веломарафонмен басталған мерекеге табиғаттың тартуы – жаңбыр да қолайлы жағдай жасады. Велошеруге қатысуға барлық жастағы тұрғындар мүмкіндік алды. Ертіс өзенінің жағалауында спорттық жүрістен және жүгіруден республикалық жарыс, денешынықтыру-сауықтыру кешенінде қазақша күрестен турнир өтті.
Сондай-ақ, Астана көшесінде «Астана – Еуразия жүрегі!» атты мерекелік концерт өтті. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов өңір жұртшылығын елорда күнімен құттықтады. Аталған шарада облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін паш етті. Балаларға арналған спорттық ойындар мен жарыстар ұйымдастырылып, өскемендіктер оқушылардың шығармашылық үйі, шеберлер қалашығы және кітапханалар көрмесін тамашалады. Мерекелік сауда-саттық пен аквагрим, шахмат, дойбы, армрестлинг те тұрғындардың көңілін көтерді.
Ең қызығы, мереке барысында қыздардың қатысуымен өткен «Мото-леди» атты байк-шоу болды. Бұл бәсекеде мотоцикл мінген қыздар түрлі сынақтарда өз өнерлерін көрсетті. Сонымен бірге, облыс орталығының саябақтарында да мерекелік шаралар ұйымдастырылып, Комсомол аралында Өскемен қаласының әуесқой футбол командалары арасында шағын футболдан жарыс өтті.
Суретті түсірген
Сергей СУРОВ.
ПАВЛОДАР
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Облыс орталығындағы мереке «Сарыарқа төрі – Астана» деген әдеби-сазды ерекше композициялық көріністермен басталды. Сәтбаев атындағы орталық көше бойында орналасқан үлкен экран «Астанаға – 17 жыл» атты бейнеролик көрсетіп тұрды. Орталық алаңға жиналған жұртшылықты Ертіс өзенінің жоғары және төменгі жағалауы деп бөлінетін арнайы мерекелік шаралар бағдарламасы қарсы алды. Бұрынғыдай емес, заманға сай қазір неше түрлі ерекше бағдарламалар қосылғанын көресің.
Біздің облыс орталығы да Астанаға қарап бой түзеуде. Кешегі соққан жел де, жауған жаңбыр да сап тыйылған. Жоғарғы жағалауда көпшілікті «Асқақтаған Астана» қалалық фестивалі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері шығармашылық ұжымдарының концерті шақыруда. Сондай-ақ, «Астанам – мақтанышым» деп Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның әншілері өнер көрсетуде. Жастар «Астанаға ақ тілек» тілектері жазылған түрлі-түсті шарларын әуеге ұшыруда.
Осы жерде «Ритмы городских кварталов» хип-хоп, брэйк, РЭП топтарының, скейтерлер, роллерлер, толкинистер топтарының қатысуымен жастардың шығармашылық бағдарламасы, жастардың ұлттық Дельфий ойындары жеңімпаздарының концерті болды. Тіпті, «Өзіңді өзің сынап көр» деп аэромобильді әскерлерінің «Десантное братство» әскери-спорттық жарыстарын, «Лазертаг» атыс бойынша ойынын, стритбол ойынын, жағажай футболы мен жағажай волейболы бойынша еріктілердің арасында өткен мерекелік турнирлерді көріп, қызыға қарайсың.
Екінші бір шетте «Астанама арналған таңғажайып бояулар» әлемі мега-боямасы көз жауын алады. Ал төменгі жағалау болса, кішкентай балаларға толы. Мұнда «Көрікті қала – Астана!», «Колос» балалар мәдени ойын-сауық орталығы мен қалалық білім беру бөлімінің балалар шығармашылығын дамыту орталығының концерттік-ойын бағдарламасы өтуде. «Үлкен аттракцион» алаңында көңілді балалармен «би билеп», бойшаң қуыршақтар да жүр. «Аква-грим» балалар алаңшасында «Толағай» балаларға арналған отбасылық ойын бағдарламасына қатысушылар да көп екен.
«Қала кітапханалары шақырады» атты қала кітапханаларының танымдық-сазды бағдарламасы негізінде кітаптар көрмесі, «Гүл жайнаған Астана» – жас суретшілердің көрмесі, фотокөрме, «Астанаға тарту» атты қолданбалы-сәндік өнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен бірге, тәттілер, көкөністер, тоқаштар, ұлттық тағамдарға арналған мерекелік сауда да қызу жүрді. Мереке соңы «Мәңгілік Ел» атты облыс орталығындағы «Шаңырақ» ойын-сауық орталығы, Қуат Әбусейітов, Естай ақын атындағы мәдениет сарайлары ұжымдарының концерттік бағдарламасына ұласты.
ПЕТРОПАВЛ
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстікқазақстандықтар да қысқа мерзім ішінде заманауи ірі мегаполис қатарына қосылып, архитектуралық сәулеті мен сымбаты келіскен елорданы еліміздің жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі санайды. Өңірде жоғары көтеріңкі көңіл күймен жылда атап өтілетін Астана күнін асыға тосады. Биылғы мерекені өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары мазмұндылығымен ерекшеленді. Орталық алаңға жиналған жұртшылық қарасы мол болды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров жұртшылықты абырой-беделіміздің, береке-бірлігіміздің, жасампаздықтың жарқын көрінісі саналатын Астананың туған күнімен құттықтап, Сарыарқаның қақ төріне қазақстандықтарды ортақ іске жігерлендіретін, алға қарай тынымсыз ұмтылдыратын Елбасы саясатының арқасында орныққанын атап өтті.
Бұдан кейін жалпы салтанат жалпыхалықтық той-думанға ұласты. Ол «Ел жүрегі – Астана» атты театрландырылған мюзиклмен басталып, мерекелік хэнд-мейкке жалғасты. Қалалық мәдениет және демалыс саябағында сазды би және көркем шығармашылық бойынша «Таланттар қаласы» көңіл көтеру бағдарламасы назарға ұсынылса, Абай мен Пушкин ескерткіші жанында фитнес-клуб, пейнбол ойнау, гимнасшылардың, акробаттардың, шығыс жекпе-жегінің өнері тамашаланды. «Астана – арман қала» арт-бульварын, суретшілер көрмесін, ақындар сайысын қызықтаушылар жылы әсерге бөленді.
Тәуелсіздік стелласы қасында өткен стрит-би фестивалін, «Туған күніңмен, Астана!» балалардың концерттік бағдарламасын, «Астана төріндегі алтын ұя» фотодизайн көрмесін көрушілер қатары қалың болды. Пестрое көлінің жағалауында саяжай волейболынан, шағын футболдан, тай боксынан республикалық турнирлер, «Менің жеңісім саған, Астана!» веложарысы ұйымдастырылды. Мәдениет ошақтарында «Әлемді таңғалдырған қала» әдеби-поэзия сағаттары, тақырыптық кештер, викториналар, тарихи-өлкетану мұражайында «Астана – біздің мақтанышымыз» фотокөрмесі, сауықтыру лагерьлерінде суреттер конкурсы өткізілді.
Бірнеше күнге жалғасқан мереке күндері «Береке» шағын ауданында химиялық-биологиялық бағыттағы 740 орынды Назарбаев зияткерлік мектебі, Индустрияландыру картасы аясында қыш кірпіш шығаратын зауыт, асфальтбетон қоспасы кәсіпорны ашылды. «ҚазТехМаш» ЖШС инвестициялық құны 1,9 миллиард теңге болатын озық жобаны іске қосты.
Астана күні аудандарда да кеңінен атап өтілді.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
ТАЛДЫҚОРҒАН
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Жетісу жерінде де Астана күні жалпыхалықтық мереке ретінде аталып өтті. Талдықорғандағы Орталық алаңға жиылған жұрт бүлдіршіндердің мың бұрала әрі әр қимылына ерекше мән бере және мерекелік леп естіре орындаған биіне тәнті болмасқа әдділері қалмады. Өйткені, бұл – өнер.
Дүйім жұрттың алдына шыққан Талдықорған қаласының әкімі Ермек Алпысов: «Еліміздің ордасы Астана қаласы Елбасының есімімен бірге айтылатын, ажырағысыз егіз ұғым іспетті. Күннен-күнге көркейіп, сәні мен салтанаты асып келе жатқан Астана республикамыздағы өзге қалаларға үлгі болуда. Құрылыс, оның ішінде тұрғын үй құрылысы тез дамып, заман талабына сай баспаналар бой көтеріп, халықтың пайдалануына берілуде. Соның нақты бір дәлелі ретінде соңғы екі-үш жылда Талдықорғанда сап түзеген бірнеше шағын ауданды айтуға тұрады. Екшей білсек, бұл Елбасының ерен еңбегінің бір жемісі», – деді.
Тағы бір ерекше айтар қуаныш – дәл осы күні кәмелеттік жасқа толған талдықорғандықтарға жеке куәліктерін салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті.
Әрине, қаланың көркеюіне өзіндік үлесін қоса білген құрылысшылар да назардан тыс қалмай, қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты.
ТАРАЗ
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Елордамыз – Астана қаласының мерейтойын атап өтуді жамбылдықтар апта бұрын бастап кеткен болатын. Кешегі аптада облыс орталығында дастандар мен қиссаларды жатқа айтудан өткен «Дауылпаз жыры даланың» атты облыстық байқау осынау мерекенің Әулиеата жеріндегі тұсауын кесті. Одан кейін апта бойы Тараз төрінде «Қарыштаған Қазақстан – асқақтаған Астана» атты жылжымалы көрме, «Менің Қазақстаным – менің Астанам» атты интеллектуалды-танымдық ойын, «Арайлы Астанам – бас қалам!» атты қайырымдылық концерттік бағдарламасы, «Астана – жастар мақтанышы!» атты жастар флеш-мобы және басқа да іс-шаралар мерекенің ажарын ашып, маңызын арттыра түсті.
Ал 6 шілде күні Жамбыл жұрты «Жайнай бер, менің Астанам!» атты жастар спартакиадасын тамашалады. «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деп Елбасымыз айтқандай, қасиетті Әулиеата өңірі – ежелден достықтың киелі мекені. Жамбыл жерінде басталған салтанатты мерекені әртүрлі ұлт өкілдері де береке, бірлігімен қарсы алды. Бұл күні облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Туған күніңмен, Астана» атты акциясын ұйымдастырып, көк аспанға мерекелік шарлар жіберу және бүлдіршіндерге шар сыйлау рәсімдерін өткізді. Ал кешке Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында өткен «Тараздан Астанаға тарту» мерекелік іс-шарасы тараздықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Суретті түсірген
Алтынбек ҚАРТАБАЙ.
ШЫМКЕНТ
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Астана – жасампаздықтың, мәңгі достықтың қаласы, қиын кезеңде қазақтың болашақ тағдырын шешкен де қала. Олай дейтініміз, өткен ғасырдың 90-шы жылдарында жер астынан жік шығарған, кейбіреулер солтүстік облыстардағы ағайынның татулығына қол сұқпақ болған, қазақ жеріне көз алартқан.
Елбасы ел астанасын Алатаудың баурайынан Сарыарқаның төсіне көшіріп әкелгенде үлкен қателік деп қабылдаған жұрт бүгінде қандай даналық деп таңданады.
Сөйткен Астана күніне Оңтүстік үлкен тарту жасаған. Айналдырған екі-үш күнде 75 жаңа нысанның тұсауын кесті. Шөліркеп отырған ауылдарға су барды, мыңдаған отбасы көгілдір отын жағып, ыс басқан пештен құтылады. Әлеуметтік нысандар айқара есік ашты. Астанаға осылай тарту жасаған оңтүстікқазақстандықтар 6 шілде күнін де лайықты мерекеледі.
Арқадағы ағайын күн ыстығы 40 градустан асып, қара қарғаның миын атала қылған аптапты Оңтүстікте мұз деген болмайды деп ойлайтын шығар. Олай емес, Астана күніне «МегаШымкент» орталығында мұзда мәнерлеп сырғанаудан қызықты жарыс өтті.
Абай саябағында теннис кортында жарыс болса, Шымкент зообағы балаларға ашық есік күнін ұйымдастырды. «Имран» сауда үйінің спорт алаңшасында баскетболдан жарыс өтсе, Абай, Жеңіс саябақтары мен Сейдолла Бәйтереков атындағы аллеяда көпшілік серуен, спорттық ойындар өтті.
Мерекелік шеру кешкі сағат 20-да жаңа әкімшілік-іскерлік орталық алаңында өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен «Жан жүрегім – Астана» гала-концертіне ұласты. Аудан, қала орталықтары да осылайша мерекеледі.
Бүкіл қазақстандықтардың ортақ қуанышына айналған Астана күні ұлыстың ұйытқысы атанған Оңтүстікте осылайша тойланды.